Оразада дұрыс тамақтанудың тәсілдері
23 наурыз куллі мұсылманға қасиетті рамазан айы басталмақ. Рамазан айында ораза тұтқан әрбір мұсылман тән мен жан саулығын ойлайды. Бірақ көпшілігі сәресі мен ауызашар мәзіріндегі ерекшеліктен хабарсыз. Айлардын сұлтанында ораза ұстаған жандар денсаулыққа зиян тигізбейтіндей дұрыс тамақтану тәсілін білген дұрыс. Ендеше оразада дұрыс тамақтанудың тоғыз тәсіліне назар аударыңыз.
- Ауыз ашуды құрмамен бастағаныныз жөн
Рамазан айында ауызашарға немесе сәресіге ас дайындау кезінде ең алдымен жаңа піскен өнімдерді ғана пайдаланыңыз. Мәселен, жеміс-жидек, көкөніс таңдаған кезде осыны ескеріңіз. Құрма мен суды ауыз ашқанда пайдаланудың және бір пайдасы: тағы тамақ жеуден алдын, адамға өзінің ағзасында қосымша тамаққа деген сұраныстың бар не жоғын анықтауына мүмкіндік туады.
- Суды көбірек ішіңіз
Ауыз ашқан соң суды көбірек ішіңіз. Алайда, суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. Тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашып қалады деп қатты тойып алмаңыз.
- Тез шөлдететін тағамдардан бас тартыңыз
Рамазан айында ас мәзіріңізді уақытша өзгертуге тура келеді. Сіз бен біз күнделікті қолданатын тұзды өнімдерден, тұздалған қияр, қызанақ, түрлі тұзды салаттар мен балықтан бас тартыңыз. Оның орнын жеміс-жидектермен, көбірек сумен толықтырыңыз.
- Асықпай тамақтаныңыз
Күні бойы күнделікті тамақтанудан бас тартқан адам үнемі ішкі күйзеліске түседі. Бұл әсіресе, оразаны алғаш ұстаған жандар үшін маңызды. Алдымен ауыз ашқан кезде құрмамен, сумен немесе сорпа, ет қосылған көкөніс тағамы сияқты жеңіл тағамдармен ауызашарды бастау керек.
- Тәттілермен қоштасыңыз
Ас мәзіріңізден тәттілерді (кондитерлік өнімдер, торт, тәтті бәліштер) алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, қарныңызды тез аштырады. Және Рамазан айында тәттілерді көбірек қолдану қан қысымыңызды көтереді. Тек ауызашардан кейін екі-үш сағаттан соң ғана тәттілердің орнына – құрма, кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ қолданыңыз.
- Кофені қоя тұрыңыз
Егер сіз таңыңызды жұмыспен емес, кофемен бастар болсаңыз, Рамазан айында кофені қоя тұрыңыз. Өйткені кофе ағзаға көптеген зиянды әсерлерін тигізуі мүмкін.
- Тамақтану тәртібіне мұқият болыңыз
Әдетте біз күніне үш рет тамақтанамыз. Рамазан айында да осы әдіспен жүріңіз. Ол үшін ауызашардың бірінші бөлігінде – ыстық тағамдарды, екінші бөлігінде майсыз тағамдар мен балықты, ал, сәресіде – жеміс-жидектерді қолданыңыз. Бұл әдіс сіздің денсаулығыңыз үшін де өте маңызды.
- Пайдалы тағаммен тамақтаныңыз
Шайды көбірек ішетін болсаңыз, бұл айда жалбыз шайы мен көк шайды көбірек ішіңіз. Және сүт өнімдерін (сүт, айран, қатық, ірімшік) көбірек қолданыңыз. Сүт, айран, ірім шік, құрт секілді азықтар сапалы протеин, кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дəрумендердің қайнар көзі.
- Сәресіге сергек болып ояныңыз
Ол үшін жатар орынға майлы тағамдар қолданбаңыз. Оның орнын жеміс-жидектермен (жүзім, алма, алмұрт, құлпынай) ауыстырыңыз. Аты аталған жемістер мидың қалыпты жұмыс жасауына және жақсы тынығуыңызға әсер етеді. Сәресі уақытында да күндіз қарным ашып қалмасын деп тоя тамақтанбаңыз.