№ 11 қалалық емханада Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне арналған іс-шаралар өткізілді
14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай, «№ 11 қалалық емхана» ШЖҚ КМК-да халықтың қант диабеті туралы хабардарлығын арттыруға, аурудың алдын алуға және оны ерте анықтауға бағытталған профилактикалық және ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар өткізілді.
Іс-шара аясында қатысушылардың денсаулық көрсеткіштеріне бағалау жүргізілді: бойы мен дене салмағы өлшеніп, дене салмағының индексі (ДСИ) есептелді, бел шеңбері мен висцералды май деңгейі анықталды. Сонымен қатар артериялық қан қысымы, тамыр соғысының жиілігі және қандағы глюкоза деңгейі өлшенді.
Аурудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Қант диабеті мектебінде» тақырыптық сабақ өткізіліп, қатысушыларға қант диабетінің даму қауіп факторлары, қандағы глюкоза деңгейін бақылау, дұрыс әрі теңгерімді тамақтану қағидалары, дене белсенділігінің маңыздылығы, салауатты өмір салтын ұстану және дәрігердің тұрақты бақылауында болу қажеттілігі туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар халық арасында қант диабетінің алдын алу, оны ерте анықтау және ықтимал асқынуларының алдын алу бойынша ұсыныстар қамтылған ақпараттық-ағартушылық материалдар (парақшалар, буклеттер мен брошюралар) таратылды.
Осындай іс-шаралар халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қант диабетінің алдын алудың маңыздылығына қоғам назарын аударуға ықпал етеді.
Денсаулығыңызды күтіңіз! Аурудың алдын алу – өзіңізге деген қамқорлықтан басталады!








